Тұрғылықты жеріңіз бойынша прокуратураға қылмыс туралы арызбен жолығу қажет. Бұны өзіңіз жасай аласыз немесе адвокатқа, өкілге не туысыңызға тапсыруға болады.
Қылмыс туралы арызды қолма-қол тапсыру немесе
Egov.kz порталы арқылы беру қажет. Арызды қолма-қол тапсырғанда арызды қабылдағаны туралы түбіртек-хабарламаны беруді талап етіңіз. Кейіннен ол арызды қарау және оған қатысты шешім қабылдау мерзімдерін бақылауға мүмкіндік береді.
Egov.kz порталы арқылы сіз жеке кабинет арқылы арыздың қозғалу сатыларын, орындалу және шешім қабылдану мерзімдерін тексеруге болады.
Қылмыс туралы арызда өзіңізбен болған оқиғаны қысқаша жазыңыз. Арызда болған жайтқа қатысты ақпаратты ғана көрсету қажет. Арызға медициналық құжаттардың көшірмелерін қосыңыз және куә болған адамдардың аты-жөні мен байланыс деректерін көрсетіңіз, дене зақымдары тіркелген фото мен бейнежазбаларды қосыңыз.
Арыз Ақпаратты есепке алу кітабында (бұдан әрі – АЕК) – автоматтандырылған дерекқорда (оған ҚР ҚПК 180-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің басталуына негіздерді қоса алғанда қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпарат енгізіледі) тіркелгеннен кейін қылмыстық қуғындау органына қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызбен, хабарламамен тікелей жолыққан өтініш берушіге уәкілетті адам қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарламаны немесе баянатты қабылдау мен тіркеуге, сондай-ақ бірегей нөмірі бар сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімін жүргізуге 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша түбіртек-хабарламаны береді.
Сондай-ақ талонды арыз берушіге тергеу-жедел тобы, учаскелік полиция инспекторы да беруі мүмкін.
Кезекші тергеушіден арызыңызды қабылдағаннан кейін бірден сізден жауап алуды талап етіңіз. Сондай-ақ сот-медициналық және сот-психологиялық сараптама бюросына куәландырудан өтуге жолдама беруін талап етіңіз (егер осыған дейін Сіз онда бармаған болсаңыз).
ҚР ҚПК-да белгіленген құзыретке сәйкес прокуратура органының басшысы, сондай-ақ уәкілетті лауазымды адам тергеушілерге, анықтаушыларға, прокурорларға, сондай-ақ басқа да лауазымды адамдарға атқару үшін қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпаратты дереу жеткізуді қамтамасыз етеді. АЕК-да тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпарат Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларында көзделген шешімдерді қабылдай отырып, 24 сағаттың ішінде қаралуға жатады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі (бұдан әрі – СДТБТ)- ҚР ҚПК-нің 180-бабының бірінші бөлігінде аталған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себептері, олар бойынша қабылданған процестік шешімдер, жүргізілген әрекеттер, қылмыстық іс жүргізудің қозғалысы, қылмыстық процестің арыз иелері мен қатысушылары туралы мәліметтер енетін автоматтандырылған дерекқор, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізуді жүзеге асырады.
Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған болса, бірақ тексеруден кейін қылмыстық құқық бұзушылық белгілері айқындалмаған болса, онда Сіз сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының шешіміне (қаулысына) жоғары тұрған прокурорға немесе ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 105, 107-баптары, ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша сот тәртібінде құқықтарыңыздың бұзылғаны туралы өзіңізге белгілі болған сәттен бастап 15 тәулік ішінде шағым жасай аласыз.